Украина Назарбаевтың ескерткішін бұзудан бас тартты

Украинаның ұлттық жады институты Днепропетровск облысындағы Каменское қаласындағы оқу орнының ғимаратына орнатылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді деген қорытындыға келді.

Қарағанды облысының әкімдігі

Астана, NEGE. Ескерткіш коммунистік тоталитарлық режим мен Ресей империялық саясатының символикасына тыйым салу туралы заң талаптарын бұзбайды деп танылды.

Аталған ескерткішті алып тастау туралы ұсынысты қазақстандық белсенді, «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов көтерген. Ол Каменское қалалық кеңесіне жолдаған хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңестік кезеңде Коммунистік партияда және КСРО басқару органдарында қызмет атқарғанын еске салған. Сонымен қатар, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде елдің Ресейге тәуелділігін күшейтуге ықпал етті деген пікір білдірген. Сондай-ақ, қызметінен кеткеннен кейін де оның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп жүргенін атап өткен.

Қалалық кеңес бұл сауалға байланысты Украинаның ұлттық жады институтына ресми сауал жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына құқықтық баға беруді сұраған. 2026 жылғы 15 сәуірде Тұрарбек Құсайыновқа кеңес тарапынан жауап хат жолданып, оған институт басшысы Александр Алфёровтың қорытындысы қоса тіркелген.

Институт басшысы Александр Алфёровтың мәлімдеуінше, мекемеде Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей империялық саясатын жүзеге асыруға немесе насихаттауға қатысы бар екендігін растайтын деректер жоқ. Сонымен қатар, Назарбаев Украина мемлекеттік наградаларының иегері: 2010 жылы «Бостандық» орденімен, ал 1997 жылы І дәрежелі Ярослав Мудрый орденімен марапатталған.

Сондай-ақ барельеф оқу орнының түлегі әрі Қазақстан Республикасының президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орнатылғаны, онда тыйым салынған символика жоқ екені және тіл туралы заң талаптарына толық сәйкес келетіні атап өтілген.

«Каменское жоғары кәсіптік училищесінің ғимаратына орнатылған барельеф қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді және украин мен қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынасты бейнелейді», – деген қорытынды жасаған институт басшысы.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 1958–1960 жылдары сол кездегі Днепродзержинск қаласындағы №22 кәсіптік-техникалық училищеде білім алған. Қазіргі таңда бұл қала Каменское деп аталады, ал оқу орны Каменское жоғары кәсіптік училищесі ретінде жұмыс істейді. Аталған ескерткіш 2005 жылы ашылған.

Қазір оқып жатыр

Астанада Умраға жоқ жолдаманы сатып, 17 қажыны алдаған алаяқ сотталды

Астанадағы өрт салдарынан қаза тапқан 3 баланың анасы есін жиды

«50 жыл ешкімге керек болмады»: Баян Алагөзова Қыз Жібектің камзолына қатысты өз ойын айтты

«Қыз Жібектің» камзолы Баян Алагөзовада қайдан жүр?