Үкіметтің ERG-дегі 40% үлесі «Самұрық-Қазынаға» берілуі мүмкін

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қаржылық есептілік депозитарийінде республикалық меншіктегі белгілі бір мүліктің орнына әрқайсысы 22,5 млрд теңге болатын 31 акциясын орналастыратынын хабарлады. Акциялардың жалпы құны 697,7 млрд теңге немесе шамамен 1,4 млрд долларды құрайды.

erg.kz

Астана, NEGE. Telegram-дағы Finmentor арнасының авторы Арман Батаевтың болжамынша, бұл жерде сөз Үкіметтің ERG-дегі 40% үлесі жөнінде болып отырған сыңайлы.

Бұл жаңа шығарылған акцияларды қордың жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі ақша түрінде емес, республикалық мүлікті беру арқылы төлейді. Яғни Үкімет бұл акцияларды сатып алу үшін қаражат төлемейді, оның орнына «Самұрық-Қазынаға» мемлекет меншігіндегі мүлікті береді.

Сарапшылардың пікірінше, Үкімет 1,4 млрд долларлық жарғылық капиталға жай қарапайым мүлік бермейтіні анық. Сондықтан ең ықтимал нұсқа ретінде Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі ERG компаниясындағы 40% акциялар пакеті аталады.

Еске салсақ, бұған дейін Шахмұрат Мүтәліптің иелігіндегі Nature Energy Solutions Ltd компаниясы ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алғанын жазған едік. Бұл үлестер Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған. Атап айтқанда, Шодиевтің үлесі – 18,6 пайыз, ал Машкевич мұрагерлерінің үлесі – 20,7 пайыз.