Үкімет резервінен Астанаға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді: қаражат қайда жұмсалады?

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет резервінен Астананың кәріз, жылу және электрмен жабдықтау желілерін дамытуға қаржы бөлу жөніндегі қаулыларға қол қойды.

yandex.kz

Астана, NEGE. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы қаржыландыру көлемі 16,2 млрд теңгеден асады.

Оның 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға жұмсалады. Атап айтқанда:

  • Астананың Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады.
  • Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады.

Бұл жұмыстар 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Ал қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 7,5 млрд теңгеге 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

«Жаңа энергонысан іске қосылғаннан кейін "Есіл" және "Бәйтерек" қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, "Нұрлы жол" вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Қосымша қуат жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.

Астанада электр энергиясын тұтыну жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, ЖЭО-2-дегі турбинаны жаңғыртқаннан кейін оның электр қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артады деп күтіліп отыр.