Үкімет KazSat-3R спутнигін жасауға 10,4 млрд теңге бөлді

Үкімет резервінен жаңа KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін жасауға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

gov.kz

Астана, NEGE. Жаңа спутник қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастырады. Оның жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. KazSat-3R ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа жүйе телерадио хабарларын таратуға, деректерді жеткізуге, мобильді байланыс пен интернет қызметтерін көрсетуге пайдаланылады.

Жоба шалғай және халық аз қоныстанған елді мекендердегі интернет сапасын арттыруға да мүмкіндік береді.

Қазір KazSat жүйесіне 19 байланыс операторы қосылған. Ал спутник арқылы телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент пайдаланады.

Жаңа спутник ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, Қазақстанның шетелдік байланыс жүйелеріне тәуелділігін азайтуға бағытталған.

Үкіметтің дерегінше, бүгінде ел халқының 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. 4,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылған.