Үкімет Қазақстан экономикасының 2027–2029 жылдарға арналған болжамын таныстырды

Үкімет отырысында Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет жобасы қаралды.

Үкімет

Астана, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасы бұған дейін Президентке таныстырылған.

«Президент бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуді, сапалы жоспарлау мен қаржыны республикалық және жергілікті деңгейлерде тиімді бөлуді тапсырды», – деді Олжас Бектенов.

2027–2029 жылдары ЖІӨ өсімі 5%-дан жоғары болады

Базалық сценарийге сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсімі 2027–2029 жылдары 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр.

Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі деп күтіледі. Экономикалық өсім негізінен мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілмек.

«Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі және тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады», – деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Экономикалық өсімнің тағы бір драйвері ауыл шаруашылығы болмақ. Оның орташа жылдық өсімі кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.

Одан бөлек, құрылыс саласында өсім қарқыны 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артады деп күтіледі. Бұған көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді.

Инфляция 2027 жылы 7,5–9,5% болады деп болжануда

2027 жылға инфляция дәлізі 7,5–9,5% деңгейінде белгіленді. 2028–2029 жылдары инфляция 6–8% аралығында болады деп күтіледі.

Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталады. Сауда көлемі жылына орта есеппен 5,7%-ға, көлік және қоймалау 10,4%-ға, ақпарат және байланыс саласы 9,2%-ға өседі деп болжануда.

Оң сауда балансы сақталады. Тауарлар экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін, ал импорт 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін өседі.

Бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін төмендейді

Республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы 19,9 трлн теңге, 2028 жылы 21,7 трлн теңге және 2029 жылы 23,4 трлн теңге болады деп болжануда.

Бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы 29,4 трлн теңге және 2029 жылы 29,6 трлн теңге деңгейінде жоспарланған.

«Мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 % деңгейінде белгіленіп, 2029 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 0,4 %-ға дейін төмендейді. Мұнайдан тыс тапшылық жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3 %-дан жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5 %-ға дейін қысқарады», – деді Серік Жұманғарин.

Бюджет ережесін ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде белгіленді.

Сонымен қатар аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт қарастырылған.

Ұлттық қордың активтері $70,6 млрд-қа дейін өседі

Базалық сценарий бойынша Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге болмақ. Ал таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге деңгейінде күтіледі.

Нәтижесінде ведомство Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды деп болжады.