Үкімет басшысы лауазымында қалған Бектенов Президентке қандай уәде берді?
Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалған Олжас Бектенов Құрылтайдағы сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және депутаттарға алғыс білдіруден бастады.
Астана, NEGE. Бектенов Үкіметтің алдағы жұмысы Президент айқындап берген әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру міндетін жедел және сапалы орындауға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін және инфляция деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуге уәде берді.
«Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңғыру үдерісі бастау алған ел даңғылының аса маңызды кезеңінде Үкіметті басқару – мен үшін айрықша жауапкершілік.
Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандыра отырып, инфляция деңгейін төмендетеміз», – деді премьер-министр.
Бұған қоса, Үкімет басшысы бүкіл ел бойынша маңызды жобалардың құрылысы басталғанын және ауқымды құрылыс бағдарламасы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салуға, сондай-ақ экономикалық өсімді дамытуға бағытталатынын айтты.
«Экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасын табады. Сонымен қатар заң мен тәртіп қағидаты Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі болады», – деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.
Еске салсақ, 31 тамызда өткен Құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысқан депутаттардың 137-сі Бектеновтің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Осылайша ол Үкімет басшысы лауазымында қалды.
Бектенов премьер-министр лауазымын 2024 жылғы ақпан айынан бері атқарып келеді.
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына баға беріп, министрлер кабинетінің қазіргі жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ екенін атап өткен еді.