ҰҚК жүк көліктерін шекарадан «тез өткізген» топты әшкереледі

12 маусымда Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полициямен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды.

ҰҚК баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Тергеу мәліметінше, топ мүшелері жүк көліктерінің жүргізушілеріне мемлекеттік шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдерді жеделдетіп рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Олар осы арқылы заңсыз делдалдық қызмет көрсетті деген күдікке ілінді.

Жиналған материалдар негізінде 17 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту кезінде 5 атыс және пневматикалық қару, ірі көлемдегі ақша, сондай-ақ іске қатысы бар өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.