ҰҚК соңғы төрт жылда 10 террорлық әрекетті тоқтатқан
2022 жылдан бері Қазақстан аумағында 10 террорлық акт жасау әрекеті мен зорлық-зомбылық сипатындағы шабуылдардың жолы кесілді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform желілік басылымына берген сұхбатында хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, террористік және экстремистік сипаттағы қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған жұмыстар аясында соңғы төрт жыл ішінде 290-нан астам діни радикал сотталып, сондай-ақ террористік қызметке қатысы бар 1800-ден астам шетелдік азаматтың Қазақстан аумағына кіруіне жол берілмеген.
«Бұл құрғақ статистиканың артында үлкен жанкештілік пен уақытты талап ететін ауқымды жедел жұмыс тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Біз бірқатар қарулы шабуылдың алдын алып, мемлекетке келтірілуі мүмкін залалдың жолын кесіп, ең бастысы – адам өмірін сақтап қалдық», – дейді ҰҚК төрағасы.
Бұған қоса ҰҚК қызметкерлері ақпараттық кеңістікте радикалды мазмұндағы жарияланымдары бар 100 мыңға жуық интернет-сілтемені анықтап, бұғаттаған. Сонымен қатар шетелдерде дайындалып жатқан 11 террорлық акт туралы дер кезінде хабар берілген.
Комитет басшысы бүгінгі таңда террористік құрылымдар цифрлық ортаны, әсіресе жасанды интеллектіні белсенді пайдаланып отырғанын алға тартып, мұндай жағдайда терроризмге қарсы күрес жүйелі әрі кешенді түрде жүргізілетінін атап өтті.