Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселесі қаралды

Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. Әлихан Смайылов Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек екенін айтты.

«Апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажет.

Энергетика министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізсін.

Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс.

Энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит жүргізіп, Үкіметке тиісті ақпаратты енгізсін.

Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру қажет.

«Апат қаупі» жоғары объектілер бойынша жабдықтары мен инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек.  

Барлық жылу және энергия жүйелерінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін осы объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізу керек.

Ұлттық экономика, энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуі тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек.

Әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстасын», - деді Смайылов.