Уимблдон: Бублик айналымнан шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.

Алматы, NEGE. Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен ойнады.

Спортшылардың екеуі де 24 жаста. Бұған дейін өткен жылы Дубайда А.Бублик 6:2, 7:5 есебімен ұтқан болатын. Бұл жолы Х.Гуркач 6:3, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Бублик 10, қарсыласы 7 эйс жасады.

Гуркач 8 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Бубликте ондай мүмкіндік болған жоқ.

Х.Гуркач төртінші айналымда әлемнің екінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев немесе рейтингте 37-сатыдағы хорватиялық Марин Чиличтің біреуімен шеберлік байқасады.

Осылайша Уимблдон додасында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.