19 марта 2021 г. 18:16

Ұйымдасқан қылмыстық топтар қайтадан бас көтере бастады ма?

Фото:

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-мен бірлесіп Ақтөбеде аса қауіпті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтау бойынша арнайы операция өткізді, – деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

21 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, "А" арнайы мақсаттағы қызметі қатысқан аса қауіпті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.

«Тексеру барысында 2020 жылғы қазан-қарашада қылмыстық топ мүшелері Ақтөбе қаласына Беларусь және Қазақстан кәсіпкерлерін алдап шақырып, психологиялық және күшпен қысым көрсету арқылы 87 миллион теңге мөлшеріндегі қаражатты иеленгені анықталды», – делінген ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында.

2021 жылғы ақпанда Мәскеу қаласынан ірі инвестициялық компания басшысын Ақтөбе қаласына шақырып, осыған ұқсас жолмен 500 мың АҚШ долларын иемденуді жоспарлаған. Нәтижесінде, топ жетекшісі – Қазақстан азаматы және 4 белсенді мүшесі – Ресей Федерациясының азаматтары ұсталды.

Тінту барысында 3 Калашников автоматы, электршокерлер, бетперделер, банк карталары, ұялы телефондар мен басқа да құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді

ҰҚТ «Төрт ағайынды»

Тоқсаныншы жылдардың басында құрылған қылмыстық топтың төрт жетекшісі болған: Құрман, Қайрат, Серік және Еркін. Топ Ақтау мен Алматыдағы жанар-жағармай нарығын, базарларды, шоу-бизнесті, автотұрақтарды бақылаған. 

90-жылдардың басында топ жетекшілерінің бірі Еркін Ізбасарға қастандық жасалып, соның салдарынан ол мүгедек боп қалды.

Е.Ізбасар 

2016 жылдың соңында ҰҚК Алматы облысы аумағында арнайы операция жүргізіп, Е.Ізбасарды ұстады. 2018 жылы сот оны 16 жылға соттады.

ҰҚТ «Сары Алмаз»

«Рыжий Алмаз» деген атпен танымал болған Несіпбай Нәсеновті 1998 жылы белгісіз біреулер Барселонадағы вилласында атып кетті. Нәсеновтың тобына құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, спортшылар, ауған соғысының ардагерлері кірді. Бұлар да мұнай саласына, жанар-жағармайға иелік етіп, ойын-сауыққа қолалық етуге тырысқан. 

Н.Нәсенов

Н.Нәсенов қастандықтан өлген соң топ жетекшілігін Айка-Бегемот деген келіншек қолға алған. Ол қазір шетелде тұратын көрінеді.   

ҰҚТ «Атаба»

Бұл қылмыстық топтың жетекшісі Талғат Атабаев 2005 жылы Алматыдағы ойын клубтарының бірінде «жүрек талмасынан» көз жұмды. Бұл – ресми ақпар. Бейресми дерек бойынша, күштік құрылымдар септескен.

Т.Атабаев

Бұл топ құлашын кеңге сермегені соншалық, Қазақстан мен Қытай шекарасына «иелік» етпек болған.

ҰҚТ «Депкорпус»

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша, бұл топтың лидері – «Мурка» деген лақап атпен танымал Мұратхан Тоқмәди. 

М.Тоқмәди

Банкир Ержан тәтішевті аңшылықта атып өлтіргенін мойындаған М.Тоқмәдиді 2018 жылы сот 10,5 жылға соттады. 

Бұлардан өзге, елімізде «Серік Голова» деген атпен әйгілі «вор в законе» Серік Жаманаевтың, тағы бір «вор в законе» Айтқали Маймушев – «Леха Маймыштың» топтары бар. Алғашқысы істі болып, жуырда ұзақ жылға сотталды, ал соңғысы, кейбір деректерге қарағанда, Түркияда жүр. Елге келе алмайды. 

«Адыл Қытай» деген атпен танымал Адылжан Зайнаудиннің қылмыстық тобы бір кездері құдыретті болатын. Күштік құрылымдар жетекшісін құрықтаған соң топтан қауқар кете бастады.

«Адыл Қытай» ортада

Қазір аты-жөні көп аталып жүрген – «Дикий Арман» Арман Жұмагелдиев. Бұған дейін ол Түркияда тұратын. Кейбір деректерге қарағанда, соңғы кездері БАӘ-ге көшкен. Өзі шетелде жүрсе де, елдегі түрлі шағын топтарға ықпалы бар деседі. 

«Дикий Арман»

 Қазақстанның күштік құрылымдары қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізіп жатқанымен, тоқсаныншы жылдардың сарқыншақтары әлі де бар. Тіпті олар саясатқа араласуға да кетәрі емес. Сондықтан олармен күрес жалғаса бермек.   

Тегтер: