15 апреля 2020 г. 17:57

Үйде жұмыс істеу оңай әрі қиын

Фото:

Үйде жұмыс істеу оңай көрінгенмен, қолайсыз екендігін түсінген де боларсыз. Бар назарыңды тек жұмысқа аударып, қабілетіңізді арттыру қиын. Үйдегі жағдай бөлек, артық шудан ойың бөлінеді, жаныңдағы диванға жантая кеткің келеді. Ал әйелдер үшін бұл шаруа екі есе ауырлайды. Өзіңді қадағалап, жұмыс өнімділігін бақылау үшін қайтпек керек?

Әлбетте, үйде қалсаңыз, жолға уақыт шығындамайсыз. Есесіне, жұмыс істеу қарқыныңыз бәсеңдейді. Бұл  қалыпты жағдайдың бірі. 

Мәселенің мәнісі тайм-менеджменттің түбінде жатыр. Үйде аса маңызды болмаса да, сіздің жұмыстан келуіңізді күтіп тұратын шаруалар шаш етектен. Оның қаншалықты уақытыңызды алатыны көзге көрінбейді.  Сол себепті "қазір-ақ тындыра саламын да, жұмысқа кірісемін!" деген ойға келесіз. Несі бар, көп уақытыңызды алмауы мүмкін? Алайда мынаны ескеріңіз, бір істен екінші іске ауысу да уақытыңызды қысқартады. Ал бір мезгілде бірнеше істің басын қайырып отырудан өнімді нәтиже шықпайды.

1. Күн тәртібін реттеңіз.

Бір сәтте бірнеше істі тындыру жақсы. Бірақ бұл қашықтан жұмыс істейтіндер үшін тиімді емес.

Өзіңізге белгілі бір ереже орнатыңыз. Ол ережеде жұмысыңызды нақты қай уақытта бастап, қай мезгілде аяқтайтыныңызды, қай уақытта үй шаруасымен айналысатыныңызды бекітіңіз. Күн тәртібіңізді реттеп алғаннан кейін, үйдегілерді де хабардар етіңіз. Сізді ешкім артық мазаламауы керек. 

2. Уақытыңызды бақылап отыратын мобильді қосымшаларды жүктеп алыңыз.

Жұмысыңызда алдымен атқару керек ең маңызды деген істердің тізімін  жасап алыңыз. Оны телефоныңызға арнайы қосымша жүктеп, реттесеңіз болады. Мысалы, IOS, Android-қа арналған Tick Tick  атты қосымша бар. 

Қосымшаның қызметі қарапайым қойын дәптеріне ұқсас: алдымен тапсырмаларды жазасыз, оларды тізімге бөлесіз, жұмыс аяқталса, "орындалды" деп белгілейсіз. Бірақ қарапайым қойын дәптерінен оқ бойы озық тұрған артықшылығы бар. Егер сіз бір тізімдегі барлық тапсырмаларды бір деммен орындасаңыз, жоспарлаған мақсатыңызға жетесіз. Толық орындалмаған болса, нәтижесіз қаласыз. Оның барлығы қосымшада көрсетіліп, ескертіліп отырады. Бұл кәдімгі тапсырмаларды орындауға арналған ойын сияқты. Дегенмен, жұмысыңызды тиімді жүргізуге пайдасы мол.

3. Әріптестеріңізге есеп беріп отырыңыз.

Өзіңді бақылаудың тағы бір тиімді жолы әріптестеріңе есеп беріп отыру. Ол үшін жұмыс күні аяқталмай тұрып, тапсырмалар тізімін жасап әріптесіңізге жіберіңіз. Жұмыс уақытының соңында тізімдегі қай тапсырмаларды аяқтағаныңызды айтып отырыңыз. Бұл бір шетінен сіздің жауапкершілігіңізді арттырады. Екіншіден, айтылған іс міндетті түрде орындалуы тиіс. 

Бұл тәсілді қызықты ету үшін ойын түрінде жүргізуге де болады.

4. Барлығы өзіңізге байланысты.

Жоғарыда айтылған тәсілдердің барлығы өзіңді-өзің бақылауға арналған құрал ғана. Ал олардың пайдаңызға асуы тек өзіңіздің ерік-жігеріңізге байланысты. 

Мобильді қосымшалардың барлығы пайдалы. Бірақ сіз оны пайдаланасыз ба? Мүмкін сіздің телефоныңызда осындай қосымшалардың бірнешеуі тұрған да шығар? Сіз оны жүктеп алып мүлдем ұмытып кеттіңіз немесе бір-екі рет пайдаланғаннан кейін кәдеңізге жарамай қалды. Сол себепті ең алдымен барлығы өзіңізге, жұмыс істеуге деген ынтаңызға, ниетіңізге байланысты екенін ұмытпағайсыз. Ал қалғандарының барлығы жұмысыңызды жеңілдетуге арналған қарапайым құралдар ғана.

Тегтер: