ҰБТ орнына портфолио келуі мүмкін
Пандемия адамзатты жаңа өмірге аяқ басуға біз ойлағаннан да жылдам ықпалын тигізді, бұл - цифрлық өмір. BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек осындай пікір айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматы, NEGE. Саясат Нұрбек пандемия кезінде Білім министрлігі қолда бар барлық құрал мен арнаны: онлайн, радио, ТВ, баспа оқу материалдарын тарату, мұғалімдерге телефонмен кеңес беру арқылы қолдан келгеннің бәрін жасағанын атап өтті. Ең тиімді модельдердің бірі - теледидардан білім беру мен онлайн-интерактивтің үйлесімі, өйткені ол көп баланы қамтуға мүмкіндік береді.
"Бірақ мұндай модельдің өзі білім беруде 100 пайыз сапа бермейді. Қашықтан оқуға жаппай және қауырт көшуіміз, өкінішке қарай, қашықтан оқытуды қабылдамауға немесе тіпті теріс қабылдау жағдайына әкелді. Оған дайындықсыз көшкеннен онлайн білім берудің барлық басымдығын көрсетпестен осал тұстарымыз анықталды. Ал шын мәнінде, онлайн-білім беруде мүмкіндік көп, ол дәстүрлі оқуды цифрлық ресурстармен және құралдармен үйлесімді толықтыра түседі", - дейді ол.
Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың алдында тұрған бірінші мәселе - заңнамалық базаның болмауы еді. Қолданыстағы заңнамада "қашықтан білім беру" деген ұғым қарастырылмаған, сондай-ақ оқытудың осындай форматын жүргізуде тәжірибе болмады.
"ҰБТ орнына үлестірілген реестр жүйелері негізіндегі портфолио, тьютор орнына - жасанды интеллект негізіндегі маршрутизатор, тест орнына - интерактив квесттер мен ойындар, дағдыларды дамытатын қымбат құралдар немесе оған мүмкіндік болмаған жағдайда, орнына - симуляторлар, оқытушыларға көмекке - дауыспен басқарылатын ассистенттер келе алады. Цифрлық технологиялардың жаңа буыны шешетін міндеттердің ауқымы шынымен де үлкен болуы мүмкін. Олардан не талап ететініміз өзімізге байланысты", - деді BTS Education басшысы.