ҰБТ: қаңтарда өтетін сынаққа тіркеу қашан басталады?
Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 22 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады.
Астана, NEGE. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. ҰБТ-ға Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
«Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық білім беру бағдарламаларының топтарынан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады» – делінген министрлік таратқан хабарламада.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы бұрынғы қалпында қалады: талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады.
ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120.
- Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма;
- «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан:
- екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі.
ҰБТ бойынша ең жоғары балл да 140 балл болып қалады.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің жеке архетипін ескере отырып, Қазақстанның оқу орындарындағы лайықты мамандық пен білім беру бағдарламасын таңдауға көмектесетін edunavigator.kz кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты.
«Платформа болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындарына түсу кезінде сенімділікті арттырады», – делінген хабарламада.
Бұған қоса, ведомство өкілдері ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында байқау сынақтары іске қосылғанын ескертті.
Сонымен қатар тестілеу бағдарламасында барлық талапкерлер үшін калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады.