ТЖМ: Көктемде су басу қаупі бар
ТЖМ биылғы көктемде су басу қаупінің басты себебін атады.
Алматы, NEGE. «Биыл былтырғыдай көп қар жоқ» деп босаңсуға болмайды. Себебі жылдағыдай емес, жер тым сіресіп жатыр. Мұндай жағдай алты бірдей облыста анықталған. Қай өңірлерге қауіп төніп тұр?
Бір апта бұрын Алматы облысында күн күрт жылып, Ешкіөлмес, Алдабергенов және Талапты ауылдарын су басты. Әйтеуір мал-жан аман. Әкімдік пен Төтенше жағдай министрлігінің мамандары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Қазір қатер жоқ. Жалпы бұл жылда қайталанатын жағдай. Биыл ше? Биыл көктемнен қалай шығарымызды ешкім дөп басып айта алмайды. Тек алдын алады.
Биыл маусымдық тоң қалың. Былтырғымен салыстырғанда шамамен 70 см көп. Әсіресе Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының жері тым сіресіп жатыр. ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли: "Негізінен көктемгі су тасқынына себепші болатын бір фактор ол жер қыртысының қатуы. Егер жер қабаты қатып, мұздап қалатын болса еріген су жерге сіңбей, елді мекендерді басу қаупі төнеді. Қазіргі таңда қарларды елді мекендерден шығару, арықтарды тазалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр" деді.
Жоғарыда атаған алты өңірде жер тоңы 70 см дейін қатып жатса, Павлордар облысында қар қалың. Өңірде су басу қаупі жоғары 30-ға тарта аймақ анықталып отыр. Тоғыз мыңдай халқы бар Кенжекөл ауылы сол қауіпті елді мекендер қатарында. Қатер Ертістен төніп тұр. Бетін аулақ қылғай, бірақ бұл облыста 100-ге жуық елді мекенді су алуы кәдік. Әсіресе Алтай мен Қатон-Қарағайда қатер басым. Ал Өскеменнің өзінде тасқын 1000-ға тарта үйді басуы мүмкін. Әсіресе Ахмер, Шығыс кенті, Жаңа Согра сынды 11 ауданда қауіпсіздік күшейтілді. Осыдан 3 жыл бұрынғы тасқын кезінде жер тоңы 123 см дейін қатып қалған еді, биыл бұл 69 сантиметрді көрсетіп тұр. Қазгидрометтің мамандары наурызға арналған күн райы болжамын ақпанның соңында жарияламақ. Бір анығы, көктем биыл ерте келуі мүмкін екендігі айтылды.