ТЖМ-нің жоғары лауазымды қызметкері түнде шу шығарды ма: Полиция не дейді?
Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің түнгі жанжалға қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, оған Төрегелдиевтің түнде әйелімен сөзге келіп қалғаны туралы мәлімет түскен. Шу көтерілген соң көршілер полиция шақырған. Журналист шенеунікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылған болуы мүмкін екенін де айтты.
Астана полициясы NEGE-ге тұрғындардан түнгі тыныштықтың бұзылғаны туралы шағым түскенін растады. Алайда тәртіп бұзған адамның кім екенін ашып айтпады.
Полицияның мәліметінше, оқиға орнына барған қызметкерлер ер адамның кім екенін анықтап, оған түнгі тыныштықты бұзғаны және қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін әкімшілік іс қозғаған. Ер адам жауапқа тартылған.
«Заң алдында бәрі тең», – деп мәлімдеді полиция.
Дегенмен әкімшілік жауапқа тартылған адамның Ерлан Төрегелдиев екені ресми расталған жоқ.