ТЖД: Алматы қаласында мөлшерден көп жауын-шашын жауды

Бүгін желіде Алматы қаласының кей аумағын су басып қалғаны жайлы ақпар тарады. Осыған байланысты Nege.kz тілшісі Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, қазіргі ахуалды сұрады.

Алматы, NEGE. Алматы қаласы ТЖД хабарлауынша, су басу дерегімен бір күнде 15 хабарлама келіп түскен. 

«Қатты жауын-шашын туралы дауылды ескертуді ескере отырып, қаладағы су басу ахуалына аудан әкімдіктерінің, мердігерлік ұйымдарының күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді,13 700 дана  инертті материал дайындалды. 18 наурыз, таңғы 09:45 шамасында «112» желісіне жергілікті су басты деген 15 хабарлама келіп түсті. Алатау ауданында – 4 жағдай, Жетісу ауданында – 5, Алмалы ауданында – 2, Бостандық, Медеу, Түрксіб, Наурызбай аудандарында – бір шақырту болды», – деді ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Маратқызы.

Төтенше жағдай қызметкерлері мердігерлік ұйымдармен бірлесіп қауіп-қатердің алдын алуда. Хабарланған жерлерде ТЖ басқармаларының күштері мен құралдары жұмыс істеуде.

«Қабылданған жедел шаралармен қазіргі уақытта әкімдіктің мердігерлік ұйымдарымен жалпы 3 бірлік техника, 2 мотопомпа және 14 адам күшімен Райымбек даңғылынан 230 үйдің маңынан жалпы қымтыған 35 текше метр су сорылды.Қазіргі уақытта қауіп жойылып, жағдай тұрақтанды. Көше мониторингі жалғасуда», – деді баспасөз хатшысы. 

Наурыз айының басынан бастап Алматы қаласында 87мм жауын-шашын жауған. Ал орташа мөлшер 76 мм болуы керек екен.

«Бұған дейін қала аумағындағы жауын-шашын жаңбыр түрінде өткен, оның барысында жергілікті су басудың 14 фактісі тіркелген, барлық жағдайлар әкімдіктердің мердігерлік ұйымдарының және Алматы қаласы ТЖД күшімен жойылған. Су басудың негізгі себебі арық желілерінің қатты тұрмыстық қоқыспен бітелуі. Қазіргі уақытта мореналық көлдерде температура төмен, қар астында, еріген және көлдерге ағымдар жоқ», – деді Г. Маратқызы. 

Сағат 12:30 кезінде «су басты деген хабарлама саны 23 болыпты. Алайда олардың арасында 3 хабарландыру жалған болып шыққан. Оқиға орнына барған ТЖ қызметкерлері су басу дерегін анықтамапты. Алматы қаласы ТЖД жалпы жағдайды бақылауына алған.