Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін заңгер өз әйеліне зәбір көрсеткен

Жетісу облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға қолдау көрсететін орталықтың қызметкері өз әйеліне күш көрсеткені үшін жауапқа тартылды.

magnific.com

Астана, Nege. Оған қатысты қылмыстық іс Қаратал аудандық сотында қаралды.

«Қылмыс жасалған кезде ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін «Жанұя» отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Алайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға бағытталған кәсіби қызметіне қарамастан, өзінің жұбайына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған», – деп хабарлады облыстық прокуратура.

Сот талқылауы барысында Қаратал ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеді. Ер адам зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен оған 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Жетісулық прокурорлар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.