Тұрмысы нашар отбасының мектепте оқитын балаларына көмек көрсетіледі
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте білім саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Алматы, NEGE. Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде Жаппай оқыту қорынан (мектеп формасымен, тамақпен қамтамасыз ету және т.б.) көмек алуға мүмкіндік беруді ұсынды. Қазіргі уақытта бұл норма мемлекеттік мектептерде ғана қолданылады. Премьер-Министр бұл ұсынысты қолдады.
Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу тетігін іске асыру мәселесі қаралды. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын «Отбасының цифрлық картасы» сервисі арқылы жүзеге асыру ұсынылды. Алдағы уақытта азық-түлік шығындарын төлеу үшін дағдарыс жағдайындағы отбасылардан шыққан балалар анықталады.
Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың қажетті ақпараттық жүйелерін интеграциялауды аяқтауды және осы бастаманы қаржыландыру тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте ол қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін олардың тиімді игерілуін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша біз білім беруге қомақты қаражат бөлеміз және жаңа бастамаларды іске асыруға қосымша ақша бөлуге дайынбыз, бірақ сапа мен тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.