22 октября 2024 г. 10:28

Түркістандық дәрігерлер Оксфорд университетінде шетелдің үздік мамандармен тәжірибе алмасты

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұлыбританияның Оксфорд қаласындағы, Оксфорд университетінде Орталық Азия елдеріне арналған бірінші IBC симпозиумы өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан, NEGE. Бұл симпозиум Ұлыбританияның Оксфорд университетінің IBC директоры, профессор Харис Кхвадж, Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургия қоғамының президенті, профессор О. Оспанов төрағалығымен ұйымдастырылды.

Халықаралық жиынға Орталық Азия елдерінен бөлек, Түркия, Иран және Грузия елдерінің өкілдері қатысты. Маңызды шараға Түркістан облысының білікті дәрігерлері барды.

Нақтырақ айтқанда, Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері м.ғ.к. Ж. Дильдабеков, асқазан ішек және эндокриндік органдар бөлім меңгерушісі А. Нурашев, хирург дәрігері Қ.Сұлтанов, Астана қаласынан «Профессор Орал Оспановтың хирургия орталығы» хирург дәрігері Г. Дуйсенов қатысып, тәжірибе алмасты.

Симпозиумда сөз алған Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері м.ғ.к. Ж. Дильдабеков семіздікпен күресу жолында «Неліктен біз FundoRing әдісін Түркістан өңірінде қолдануды таңдаймыз және осы таңдаудың негізгі себептері қандай?» тақырыбында баяндама жасады. Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

Жиын барысында IBC директоры, профессор Харис Кхваджа бұл отаның тиімділігіне жоғары баға беріп өтті. Осылайша, өңір дәрігерлері шет елдердің үздік мамандарымен тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдауда.