15 июня 2024 г. 12:00

Түркістандағы Ахмет Ясауи университеті THE-2024 рейтингінде үздік қазақстандық университеттер қатарына кірді

Фото: Ахмет Ясауи университеті

Ахмет Ясауи университеті Times Higher Education Impact Rankings (THE) – 2024 рейтингі нәтижесі бойынша қазақстандық ТОП-5 университет қатарынан көрінді.

Түркістан, NEGE. THE – бұл университеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша жұмысы бағаланатын жалғыз жаһандық тиімділік кестесі.

Рейтинг төрт көрсеткіш бойынша түзіледі, олар: зерттеу, басқару, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және оқыту.

Биыл алтыншы рет жарияланған рейтингке әлемнің 125 елінен 2152 университет кірді.

Халықаралық талдау агенттігі тізімге қазақстандық 26 университетті де енгізген. Соның ішінде оқу орны жалпы талдау нәтижесі бойынша 100 ден 50.2 ұпай жинап, 1001-ші позицияға тұрақтады. Бұл – қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы үздік көрсеткіштердің (5 орын) бірі.

Айта кететін жайт, Times Higher Education Impact Rankings рейтингі мейлінше көп университеттің қатысуына ыңғайлы етіп дайындалса да, талаптары өте жоғары. Сондықтан оған қатысуға кез-келген оқу орны тәуекел ете алмайды. Ал биылғы көрсеткіш біздің университеттің әлемдік деңгейде өзінің алар орны бар екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр.

Оқу орны 2015 жылы БҰҰ қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағыты бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Әсіресе, университеттің «Сапалы білім», «Лайықты жұмыс және тұрақты экономикалық өсу», «Салауатты өмірді қамтамасыз ету және жақсылықты насихаттау», «Қарым қатынас үшін мақсаттар» бағыттары аясындағы жобалары рейтинг талдаушыларының оң бағасын алды.