Түркістанда жол апатынан полиция капитаны көз жұмды
Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Қонысбеков қаза тапты.
Астана, NEGE. Облыстық полиция қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 2 шілдеде болған. Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісін тоқтату үшін оқиға орнына жіберілген.
Chevrolet Cobalt маркалы патрульдік көлік Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Ауыр жарақат алған полиция капитаны оқиға орнында көз жұмды.
«Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов марқұм болған полицейдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ ол ІІМ қаза болған полиция қызметкерінің отбасына қажетті көмектің бәрін көрсететінін мәлімдеді.