21 июня 2024 г. 10:51

Түркістанда күйеуіне ренжіп, екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел 15 жылға сотталды

Фото: видео кадрдан

Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы, NEGE. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 30 жастағы келіншекті ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. 

Ол жазасын орташа режимдегі түрмеде өтейді.

Айыпталушы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныбының мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол ауыр қылмысты күйеуіне ренжігені үшін жасағанын айтты. Күйеуімен ұрсып қалғаннан кейін Түркістан қаласына барып, жалдамалы пәтерде 3 және 4 жастағы ұлы мен қызын тұншықтырып өлтірген.

Өз балаларын тұншықтырып өлтірді деп күдікке ілінген әйелдің адвокаты соттың алқабилер қатысуымен өтуіне, әрі келіншекке психиатриялық сараптама жасалуына өтініш берген. Сараптама қорытындысы бойынша үш және төрт жастағы балаларын өлтіргенде әйелдің ақыл-есі дұрыс болғаны анықталды. Кәмелет жасына толмаған баланы өлтіру бабы бойынша қозғалған істе айыпталушыға прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алқабилердің шешімі бойынша сотталушы 15 жылға сотталды.