Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген азамат психиатриялық есепке алынғанын мәлімдеді
Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммад Өмірбек өзінің азаматтық белсенділігі үшін қысым көргенін, кейін сот шешімінсіз психиатриялық ұйымға жеткізіліп, онда заңсыз ұсталғанын NEGE редакциясына мәлімдеп берді.
Алматы, NEGE. Оның айтуынша, бұл оқиға фельдшерлердің еңбек жағдайын көтеру мақсатында мемлекеттік органдарға жолдаған ресми өтініштерінен кейін басталған.
Мұхаммад Өмірбек 2025 жылғы қарашада фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтеру мақсатында Сенатқа, Мәжіліске, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне eGov порталы арқылы бірнеше ресми өтініш жолдаған.
Сонымен қатар, ол еліміздің әр өңіріндегі медицина қызметкерлерінің пікір алмасуына арналған WhatsApp тобын құрған. Айтуынша, өтініштер жолданғаннан кейін, Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлері бірнеше рет үйіне келіп, топты жабу жөнінде ауызша ескерту жасаған.
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні екі полиция қызметкері мені осы іс бойынша «түсініктеме бересіз» деген уәжбен тұрғылықты мекен жайымнан Түркістан қалалық Полиция басқармасына алып кетті. Мен полиция басқармасының ғимаратында сағат 14:40-тан 17:40-қа дейін, шамамен үш сағат бойы тергеуде болдым. Тергеу барысында екі жедел уәкіл бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойып, маған қатысты «үкіметке қарсы шығып жүрсің», «халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деген мазмұндағы сөздер айтты. Сағат шамамен 17:30-да өзімді күрт әлсіз сезініп, жүрегім айнып құсқым келіп тұрғанын айттым. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырды», – дейді Мұхаммад Әділбекұлы.
Полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы оны «медициналық тексерілуге апарамыз» деген желеумен, Шымкент қаласы аумағындағы психиатриялық медициналық ұйымға апарған.
Оның сөзінше, бұл кезде дәрігерлік-психиатриялық комиссияның қорытындысы болмаған, соттың заңды күшіне енген шешімі болмаған және оған өзі ерікті келісім бермеген.
«Анамның маған қатысты жазған арызын негізге ала отырып, полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерімен бірігіп, «Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға медициналық тексерілуге апарамыз» деген желеумен қасақана жалған ақпарат беру арқылы мені жаңылыстырып, нақты жеткізу мақсатын түсіндірместен, заңсыз түрде Шымкент қаласының психиатриялық медициналық ұйымына жеткізді», – дейді ол.
Айтуынша, ол психиатриялық медициналық мекемеде 48 сағат бақылауда болған.
«Осы мерзім аяқталғаннан кейін бөлім меңгерушісі, кезекші дәрігер және бас дәрігердің екі орынбасары тарапынан маған психологиялық қысым көрсетіліп, шешім қабылдау еркіндігім шектелді және маған мынадай екі нұсқа ұсынылды: «өз еркіңмен 10–15 күн жатасың, жеңіл диагноз қоямыз, психиатриялық диспансерлік есепке алмай шығарамыз» немесе «егер келіспесең, сот арқылы еріксіз қайта әкелеміз, диагнозыңды шизофрения деп қоямыз, дәрі-дәрмектерді күшпен саламыз және психиатриялық диспансерлік есепке аламыз» деді», – дейді Мұхаммад Әділбекұлы.
Айтуынша, осы қысым салдарынан ол «өз еркімен емделуге келісемін» деген құжатқа қол қоюға мәжбүр болған. Алайда уәде етілген мерзімнің орнына, ол 37 күн бойы ауруханада жатқан және нәтижесінде психиатриялық диспансерлік есепке алынған.
Оның айтуынша, ауруханада жатқан кезде әкесімен және басқа да жақын туыстарымен кездесуіне мүмкіндік берілмеген. Тек 2026 жылғы 12 қаңтарда ғана медициналық ұйымнан шыққанда, әкесімен кездескен.
Мұхаммад Әділбекұлы өзін психиатриялық ұйымға жеткізуге негіз болған арыздың бар екенін тек диспансерден шыққаннан кейін ғана білгенін мәлімдеді. Арызды оның анасы бергені медициналық құжатта көрсетілген. Алайда ол арызбен ресми түрде таныстырылмағанын, оның мазмұны түсіндірілмегенін, өз пікірін білдіру мүмкіндігі берілмегенін айтады.
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні анамның тарапынан Түркістан қалалық Полиция басқармасына маған қатысты арыз жазылғанын мен тек 2026 жылғы 12 қаңтарда, психиатриялық диспансерден шыққаннан кейін ғана білдім», – дейді ол.
Мәлімдемеде туыстары арасындағы телефон әңгімелерінің аудиожазбалары бар екені көрсетілген.
Аталған жазбаларда арызды анасы өз еркімен жазбағаны, оған белгілі бір лауазымды тұлғалар тарапынан қысым көрсетілгені туралы мазмұндағы сөздер келтірілген.
Мұхаммад Әділбекұлы бұрын 2024 жылы анасының арызы бойынша сотты болған, бірақ психологиялық сараптама қорытындысы бойынша қорлау белгілері анықталмаған және сот оны толық ақтаған. Содан бері олар бір-бірімен байланыспаған, қазір бөлек тұрады.
Оның айтуынша, арыз заңсыз және нақты дәлелдерсіз жасалған, нәтижесінде моральдық және психологиялық зиян келтірілген. Азамат құқықтарын қорғау мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға шағымданған.
Ол өзін психиатриялық диспансерлік есепке қойылғанын заңсыз және негізсіз деп есептейді.
Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, F22.0 диагнозын заңсыз деп танып, оны жоюды және психиатриялық диспансерлік есептен шығаруды сұрайды. Қажет болған жағдайда тәуелсіз республикалық психиатриялық сараптама тағайындауды өтініп отыр.
Сонымен қатар ол полиция, жедел жәрдем және психиатриялық мекеме қызметкерлерінің еркіндігіне қысым көрсеткен әрекеттерін тексеріп, кінәлілерге заңға сәйкес шара қолдануды талап етеді.