Түркістан облысындағы ауылдарда сел жүріп, тұрғын үйлер мен қора-жайларды су басты
1 қазанда нөсер жаңбырдан Түркістан облысының Қазығұрт ауданында сел жүрді. Аудан әкімдігі жағдайға түсініктеме беріп, адам шығыны мен құлаған үй-жайлар жоқ екенін хабарлады.
Астана, NEGE. Желіде сел жүрген елді мекендерде түсірілген видеолар тарады. Бейнежазбада су басқан аулалар, құлаған көпір мен су шайып кеткен жолдан өте алмай тұрған көліктер көрсетілген, сондай-ақ суды белшеден кешіп жүрген тұрғындарды көруге болады.
«Қазіргі таңда сел өткен аймақтарда жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдай қызметкерлері тиісті шаралар жүргізуде», – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Бұл жұмыстарға тоғыз арнайы техника мен алпыстан астам адам жұмылдырылған.
Сонымен қатар әкімдіктегілер үйлерінің ауласын су басқан тұрғындарға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.