Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам қаза тапты

Түркістан облыстық полиция қызметінің хабарлауынша, жол апаты 15 шілдеде Бәйдібек ауданындағы Шаян – Екпінді тасжолында болған.

Depositphotos.com

Астана, NEGE. Алдын ала мәлімет бойынша, түнгі уақытта Toyota Camry мен Volkswagen Passat жеңіл көліктері бір-біріне соқтығысқан. Салдарынан жеті адам оқиға орнында көз жұмды.

Полицейлер жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта апаттың мән-жайы анықталып жатыр.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полицейлер жүргізушілерді Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайларын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, сондай-ақ көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырады.