Түркістан облысында мектептерге арналған тауарларды жоғары бағамен сатып алуда

Қоғам белсендісі Бибек Қаныбек Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы ұйымдастырған жалпы құны 2 млрд теңге деп белгіленген тендерге тек жоғары баға ұсынған санаулы компаниялар ғана жіберілгенін, ал жеңілдік ұсынған компаниялар конкурстан тыс қалғанын айтады.

Фото: pixabay.com

Астана, NEGE. Бибек Қаныбектің мәлімдеуінше, мектептерге қажетті кеңсе тауарлары, спорттық жабдықтар мен электр тауарларын сатып алуға жарияланған тендерге өтінім берген 20 компанияның тек 2-3-уі жіберілген. 

Тендерге тапсырыс беруші ретінде Түркістан облысының білім басқармасы көрсетілген, ал аталған тендерді ұйымдастырушы – Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы.

«Дәл осы 2-3 компания ең жоғары бағаны ұсынады. Ал 30-40 пайыздық жеңілдік берген компаниялар конкурсқа жіберілмейді. Бұған себеп ретінде конкурс құжаттамасындағы түрлі ескертулер көрсетіледі.

Мен конкурс құжаттамасын зерттеп шықтым. Онда аталған жеткізушілерді конкурсқа қатыстырмауға негіз болатын өрескел заң бұзушылықтарды көрген жоқпын. Сондықтан Түркістан облысы әкімдігі басшылығынан осы тендерге назар аударуды сұраймын», – дейді мемлекеттік сатып алу саласындағы сарапшы. 

Қоғам белсендісі тендер заңнама талабына сай өткізілген жағдайда 600 миллион теңгедей бюджет қаражатын үнемдеуге болатынын айтады.

Осыған байланысты ол әкімдіктен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, прокуратурадан және Қаржылық мониторинг агенттігінен осы тендерді жіті тексеріп, әділдік орнатуды сұрайды.