Түркістан облысында мектеп қызметкерлерінің жөндеу жұмысына тартылғаны дау тудырды

Түркістан облысы Созақ ауданы Көктөбе ауылындағы мектептің техникалық қызметкерлері жөндеу жұмыстарына тартылғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Жазба авторы білім ордасындағы қызметкерлердің жағдайына назар аударып, 300 мың теңгеге де жетпейтін жалақы алатын адамдардың мұндай жұмысқа жегілуі қаншалықты дұрыс екенін сұрады.

Instagram/Saule Bikiteeva

Астана, NEGE. Желі қолданушылары мектепті жөндеуге бөлінген ақшаны мердігер компания алып, ал қара жұмыстың бәрін мектеп қызметкерлері істеп жүр деп топшылады. Олар шенеуніктерден осы жағдайға байланысты түсініктеме беруді талап етті.

Созақ ауданының білім бөлімінің мәліметінше, бейнежазбадағы жұмыстар мектеп ғимаратын жаңа оқу жылына дайындау аясында жүргізіліп жатқан жоспарлы жазғы жөндеу жұмыстарының дайындық кезеңіне жатады.

Білім бөлімінің айтуынша, мектептің техникалық қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттері шеңберінде ұсақ жөндеу, ретке келтіру, тазалық және абаттандыру жұмыстарына қатысады.

«Бұл жерде құрылыс жұмыстары техникалық қызметкерлерге жүктеліп, олар қосымша немесе артық жұмысқа тартылып жатқан жоқ. Қызметкерлердің еңбек міндеттері мен жұмыс уақыты қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізілуде», – делінген Созақ ауданы білім бөлімінің түсініктемесінде.

Әзірге аталған жағдайға қатысты еңбек инспекциясы немесе басқа уәкілетті органдар тарапынан ресми тексеріс басталғаны туралы ақпарат түскен жоқ.