24 октября 2024 г. 10:54

Түркия билігі Анкарадағы терактіге күрдтердің қатысы бар деп күдіктенеді

Фото: ғаламтордан

Түркия билігі Анкарадағы лаңкестік әрекетті Күрдістан жұмысшы партиясының (Түркияда тыйым салынған террористік ұйым) мүшелері жасаған болуы мүмкін деп болжап отыр. 

Алматы, NEGE. Түркияның ішкі істер министрі Али Эрликаяның айтуынша, бұл шабуылға елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының қатысы бар.

«Лаңкестерді анықтау процесі жүріп жатыр. Біздің бағалауымызша, теракт Күрдістан жұмысшы партиясының ісі. Нақты дәлелдерге қол жеткізген бойда толық ақпаратпен бөлісеміз», - деді министр. 

Түрік ақпарат құралдары лаңкестердің кәсіпорын ғимаратына күзет қызметін ауыстыру кезінде келгенін хабарлады. Олар жарылғыш затты іске қосып, кейін қызметкерлерге оқ жаудырған. Полицейлер шабуыл жасаған екі адамды ұстады. 

Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеу бастады. 5 адам қаза тауып, 22 адам жараланды.

Күрдістан жұмысшы партиясы 80-ші жылдардан бері өз автономиясын құру үшін күресіп келе жатқан әскери-саяси қозғалыс. Түркия бұл ұйымды террористік ұйым деп санайды.