Түркияда Жезқазғандағы 20 жыл бұрынғы атышулы кісі өлтіру ісіне күдікті ұсталды

Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 2006 жылы Жезқазғанда Сағит Шоқпытовтың өліміне қатысты халықаралық іздеуде жүрген Витта Махмаханов Түркияның Ыстанбұл қаласында ұсталды. Ол Бакыркөй ауданындағы үйлердің бірінде қолға түскен.

dha.com.tr

Астана, NEGE. Түркияның Demirören Haber Ajansı (DHA) агенттігінің хабарлауынша, Ыстанбұл полициясы қоғамдық қауіпсіздік басқармасының іздеуде жүрген адамдарды анықтау бөлімінің қызметкерлері Витта Махмахановтың қалаға келгенін анықтаған. Жедел тексеру нәтижесінде күдіктінің Бакыркөй ауданындағы үйлердің бірінде жасырынғаны белгілі болған.

Арнайы операция барысында ол ұсталып, Ыстанбұл полициясының қоғамдық қауіпсіздік басқармасына жеткізілген. Қазір күдіктіге қатысты тиісті рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Махмахановқа 2006 жылы Қазақстанда болған кісі өлтіру ісіне байланысты халықаралық іздеу жарияланған. Жезқазған қаласында Сағит Шоқпытов 2006 жылғы 28 қарашада үйіне қайтып келе жатқанда көлігіне жасалған қарулы шабуылдан қаза тапқан. Шоқпытов ірі өнеркәсіптік компанияға миллиондаған доллар шығын келтірген қылмыстық ұйымның жетекшісі ретінде аталады.

Айта кетейік, Жезқазған жұртшылығына «Сағи» деген атпен танылған Шоқпытовтың өліміне қатысты іс бойынша Махмаханов бұған дейін де ұсталғаны туралы басылымдар жазған. 2007 жылы оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғаны хабарланған болатын.