Түркияда қазақстандық әйел алтыншы қабаттан құлап көз жұмды

Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханова қаза тапты. Ол өзі тұратын ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтіп, кейін төменге құлаған, деп хабарлады DHA агенттігі.

DHA

Астана, NEGE. Оқиға 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Ергенекон шағынауданында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова көрші ғимараттың шатырына өтіп, оның ортасына қарай жүрген. Сол кезде өзі басқан шатырдың жабыны сынып, әйел ғимараттың ішкі ойығына құлаған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Жергілікті дәрігерлер әйелдің өлімін растады. Қазіргі таңда марқұмның денесі сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасында.

Құрбысы шатырда отырған кезде суретке түсірген

Тергеу барысында марқұмның бірге тұрған құрбысы, Ресей азаматы Дарья Б. оқиғаға дейін Айсұлуды шатырдың шетінде отырған жерінен көргенін айтқан.

Оның сөзінше, таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысының қауіпті жерде отырғанын байқап, шетке отырмауын ескерткен. Алайда Айсұлу «Мен осында отырамын, сен ұйықтай бер» деп жауап береді. Дарья сол кезде оны суретке түсіріп, бөлмесіне қайтып кеткен.

Кейін құрбысы қатты музыкадан оянған. Айсұлудың бөлмеде жоқ екенін байқап, сыртқа қарағанда көрші ғимараттың шатыры опырылғанын көрген. Төменге көз салғанда, құрбысын қимылсыз жатқан жерінен байқап, полицияға хабарлайды.

Оқиғаға дейін жігітіне барған

Полицияның мәліметінше, Айсұлу Бекмаханова оқиға болған күні таңертең жігітіне барған. Құрбысының айтуынша, екеуі 23 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында серуендеуге шығып, кейіннен Айсұлу таңғы сағат 05:00 шамасында жігітіне кетеді.

Марқұмның жігіті, дүкен иесі Мазхар Т. айтуынша, Айсұлу таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, екеуі бірге уақыт өткізіп, кейіннен әйел таңғы сағат 07:40-та үйіне қайту үшін дүкеннен шығып кетеді. Сондай-ақ ол Айсұлудың түнгі клубта жұмыс істейтінін білгенін жеткізген.

Тергеу барысында Айсұлу Бекмаханова мен оның құрбысының Түркияға 8 қыркүйекте келгені анықталды. Прокурордың шешімімен марқұмның құрбысы Дарья Б. мен жігіті Мазхар Т. ұсталды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін қазақстандық дипломаттардың марқұмның туыстарымен байланыста екенін және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.