Түркияда Қазақстан азаматы өлтірілді: ІІМ қылмыстық істің жай-жапсарын жариялады

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Түркия мен Грузияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қазақстандық Ариф Исмаиловтың өліміне қатысы бар адамдарды анықтады. Қылмыс биыл наурызда Стамбұл қаласында жасалған. Жеке логистикалық компанияның қызметкері оқ жарақатын алып, кейін ауруханада қайтыс болды.

polisia.kz

Астана, NEGE. Үш елдің полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмыс жасаған екі адам ұсталды, деп хабарлайды ІІМ.

«Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, сондай-ақ кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олардың трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері екені және халықаралық іздеуде жүргені белгілі болды», – делінген ресми ақпаратта.

Бұл дерек трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға ықпал етті. Топ АҚШ-та журналиске қастандық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған қылмыс әлемі беделдісінің басшылығымен әрекет еткен.

Соның ішінде Алматы қаласында 2025 жылғы тамызда қала тұрғынын өлтірмек болған топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

«Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылуда», – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

ІІМ мәліметінше, қылмыскерлер қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал етуді көздеген.

Грузия аумағында да трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды.

Қазіргі уақытта айғақтар жиналып, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталуда. Топ ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізілуде.