22 декабря 2025 г. 10:12

Түркияда депутаттар бір-бірімен төбелесті

Фото: видеодан скриншот/hurriyet

Түркияда Ұлы ұлттық жиналыс депутаттары 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджетті талқылау кезінде төбелес шығарды.

Астана, NEGE. Hurriyet басылымының жазуынша, бюджетке дауыс беру кезінде Республикалық халық партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Мұрат Эмир мен Әділет және даму партиясының депутаты Мұстафа Варанк арасында дау туындаған. Қызу пікірталас артынша басқа да депутаттардың қатысуымен төбелеске ұласқан.

Төбелеспі қалған депутаттарды әріптестері ажыратқан. Соған қарамастан, 2026 жылға арналған орталық үкімет бюджеті туралы және 2024 жылғы түпкілікті есеп жөніндегі заң жобалары мақұлданды. Бірінші заң жобасы бойынша 569 депутат дауыс берген, 320 депутат қолдаған, 249 депутат қарсы болған. Ал екінші заң жобасы бойынша 563 дауыс берілген, оның 316-сы қолдап, 247 қарсы дауыс берген.

Парламент спикері Нуман Куртұлмұш 22 желтоқсан сағат 14:00-ге дейін үзіліс жариялады.