Түркияда 6 балдық жер сілкінісі болды
Түркияның Балыкесир провинциясында 6,1 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Түркияның Табиғи апаттардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы хабарлады.
Алматы, NEGE. Сейсмикалық оқиға жергілікті уақытпен 19:53-те тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Сындыргы ауданында, 11 км тереңдікте орналасқан.
Жерасты дүмпулері Измир, Кютахья, Ялова, Ыстамбұл, Маниса, Ушак, Айдын, Эскишехир, Сакарья және Текирдаг қалаларында сезілді. Сындыргыда бір ғимарат шыдас бермей қирап қалды.
Ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, қирандылар астынан екі адам шығарылды, тағы екі адамды құтқару жұмыстары жалғасуда.
Кейінірек Сындыргыда қираған ғимараттың астынан алты адамның құтқарылғаны белгілі болды. Алайда қирандылардан шығарылған 81 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды.
Қазір 300-ден астам құтқарушы мен 79 техника іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
Балыкесир провинциясында болған жер сілкінісі салдарынан шамамен 10 үй қираған.