Түркия коронавирус белгілері жоқ науқастар бойынша статистиканы жариялайды
Түркияда 15 қазаннан бастап COVID-19 вирусын жұқтырған, алайда клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылар бойынша статистика жарияланатын болды.
Алматы, NEGE. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Бұған дейін ведомство басшысы Фахреттин Қожа «кез келген кісіні науқас деуге болмайды, себебі сынама нәтижесінде коронавирус анықталса да клиникалық белгілері жоқтар бар» деген еді. Кейін оның мәлімдемесі дау туғызып, қоғам пікірі қақ жарылды. Үкімет және оның жақтастары «жағдай бақылауда» деп сендірсе, қарсы тарап пен белгілі қауымдастықтар эпидемологиялық жағдайды толық жария етпеу вирусқа қарсы күрес механизміне кері әсер ететінін айтты.
Соңғы тәулікте Түркияда 1649 кісі қауіпті індетті жұқтырып, 56 науқас көз жұмды. Жалпы елде коронавируске шалдыққандар саны 334 мыңнан асты. Журналист, интернет медиа федерациясының басшысы Талат Атилла: «Түркияның денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресті сәтті бастады. Дегенмен, уақыт өте келе дұрыс түсіндіре алмады немесе халықты ашық түрде ақпаратпен қамтамасыз етпеді. Бұл қауіпті індетке қарсы күреске кері әсер етті. Сондықтан денсаулық министрлігі қоғамға түсінікті болуы үшін ашық болуы тиіс. Себебі жергілікті әкімшіліктердің айтуынша, шынайы статистиканы олар біледі. Өйткені қаза тапқандарды жерлейтін де солар. Сақтық шараларының шеңберін одан әрі кеңейту керек. Әрине экономикалық салдары болады. Бірақ халықтың саулығы маңызды» деді.