Түркістандықтар пікірталас өткізді
Бүгін «Nur Otan» партиясының праймериз өткізу кестесіне сәйкес, Түркістан облысының аудан-қалаларында жария пікірсайыс басталды. Бұл жөнінде партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы, NEGE. Түркістан қаласындағы дебат Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы амфитеатрда өтті. Ерекше орында ұйымдастырылған пікірсайысқа 6 үміткер қатысып, өз біліктілігі мен сөзге шешендіктерін көрсетті.
Кезінде талай билер кеңесі өткізілген Түркістан төрінде пікірсайыстар да жоғары деңгейде өткізілді.
Осы саяси додаға арнайы келген «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бір дәуірлерде ашық аспан астындағы амфитеатрлар күш сайысы өтетін орындар болса, қазір көне шаһарда бұл орын ой сайыстыратын орталыққа айналды. Республика бойынша праймеризге үміткерлердің 1144-і Түркістан облысынан қатысып отыр. Соның ішінде Түркістан қаласынан 106 үміткер бақ сынауға бел байлапты. Мұндай дебаттардан тартынбау керек. Ой түкпіріндегі жоспарларыңызды, бағдарламаларыңызды ашық айтып, жұртшылыққа таныстырған жөн. Сіздерді ашық бәсекеде пікірсайыс талабы мен ережесін сақтай отырып, жоғары деңгейде пікір таластырады деп сенемін. Елбасының бастамасын қолдап, Түркістанды дамыту бағытында еңбек сіңіреді деп есептеймін. Қасиетті Түркістан төрінде саяси қадамды бастап, адалдық пен адамдықты ту етіп шығатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Бейсен Дәулетұлы.