13 марта 2023 г. 19:19

Түркістандық кандидат НЕГЕ тапаншамен «ойнап» жүр?

Фото:
Түркістан қалалық мәслихаты депутаттығына «

AMANAT» партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан Ақиқат АБДУЛЛАЕВҚА ұқсайтын әлдебір адамның Түркістандағы тойлардың бірінде тарсылдатып тапанша атып жүрген видеосы тарады...

Сайлау алды бағдарламасында А.Абдуллаев 1991 жылы Өзбекстан Республикасында туғанын, 1992 жылы отбасымен Түркістан қаласына көшіп келгенін жазады. Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және конструкциялануы, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтарының иесі екен.

Қазіргі лауазымы – «INTERGASCENTRALASIA» АҚ «Шымкент» магистралды газ құбырлары басқармасының Түркістан газ шаруашылығының басшысы.

Кандидаттың жазуынан түсінгеніміз, VII шақырылымда Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болып, қоғамдық жұмыстармен айналысқан.

«Мен «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде партияның идеологиясы мен қызмет тәжірибесін толықтай қолдай отырып, Қазақстан Республикасының қуатын арттыруға, Түркістан қаласын одан әрі дамытуға өз үлесімді қосуға дайынмын», – дейді өзі.

Бағдарламасына қарасаңыз, кандидаттың өмірбаянынан қылау таппайсыз. Тап-тұйнақтай. Алайда түркістандық тұрақты оқырмандарымыздың бірі 2014 жылы «Жетінші арна» түсірген әлдебір сюжетті редакцияға жолдапты.

Әлгі сюжетте бірнеше адам тойда тарсылдатып мылтық атып жүр. Олардың арасында кандидат Ақиқат Абдуллаевқа қатты ұқсайтын бір адам бар. Қолында тапанша. Ол тапаншамен әуеге бірнеше мәрте оқ атады...

Сол кезде Түркістан облысы (ОҚО) прокуратурасының өкілі Мырзахан ОРЫНБАСАРОВ «істің тіркелгенін, тексеру жүріп жатқанын, барлық деректер анықталатынын, «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалатынын» айтқан.

Бұдан әрі іс өндірісінің қалай өрбігені бізге белгісіз. Егер видеодағы тапаншамен тарсылдатып жүрген адам түркістандық кандидат болса және ол билік партиясынан сайлауға түсіп жатса, онда қылмыстық іс мүлдем қозғалмаған немесе жеріне жетпеген.

NEGE тілшісі істің мән-жайын білмекке Ақиқат АБДУЛЛАЕВТЫҢ өзіне де хабарласты.

– 2014 жылы Түркістандағы тойлардың бірінде тапанша атып жүрген сіз бе? Егер сіз болсаңыз, қолыңыздағы шын тапанша ма, әлде ойыншық па?

– Сіз бұл мәселе жөнінде журналистік тергеу жүргізу керексіз. Тергеу жүргізу үшін құзырлы органдарға өз хатыңызды жолдасаңыз, жауап береді-ау деймін. Мен қазір науқанда жүрмін. Науқанда провокациялық біраз нәрселер шығып жатыр, шығарып жатыр. «Сен бе, сен емес пе?» дейді. 

– Сонымен, видеодағы адам сіз бе, сіз емес пе?

– Қазір сұхбат беруге мүмкіншілігім де, уақытым да жоқ. Халықпен кездесіп жүрмін. Бірақ қараңыз, екеуміздің арамызда болған бейнетаспаны шығаратын болсаңыз... Қарсылық білдіріп жатырмын.

– Қалай айттыңыз, солай береміз.

– Екеуара әңгімені маған жолдап қойыңыз. Егер қосып жазатын болсаңыз... Мұндай әңгіме болған жоқ деу үшін. Желательно жазбай-ақ қойыңыз...

P.S: Аманаттық кандидаттың ақылымен «журналистік тергеу» жүргізу үшін Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықовқа бірнеше нақты сауал жолданды. Бәлкім, тапаншамен тарсылдатып атып жүрген адамның кім екенін, оның қандай жазаға тартылғанын қадағалаушы орган анықтап берер.              

Тегтер: