Түркістанда шектеу шаралары күшейтілді
Түркістан қаласында шектеу шаралары күшейтілді. Бүгіннен бастап екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау бөлімшелері жұмысын тоқтатып, онлайн жүйесіне көшті.
Алматы, NEGE. Дүйсенбіден бастап «Қазпошта» мекемесі де осы тәртіппен жұмыс істейді. Сондай-ақ қала тұрғындарының көшеге негізсіз шығуына тыйым салынады. Үйден тек қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға және жұмысқа бару үшін ғана шығуға рұқсат етіледі. 65 жастан асқандар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің ересектердің қадағалауынсыз үйден шығуына тыйым салынады. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қозғалысы мен рұқсат қағазы жоқ, азаматтардың қалаға кіріп-шығуына шектеу қойылады. Бұдан бөлек, қала ішінде жеке көліктердің жүруіне де тыйым салынбақ. Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласында қауіпті індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген болатын. Ол 1990 жылы туған қала тұрғыны. Жұмыс бабымен 10 сәуірде Жетісай қаласына барып, 11 сәуір күні қайтып келген.