Түркістан облыстық сотының судьясы ұсталды
ҰҚК қызметкерлері Түркістан облыстық сотының судьясы Әшірбек Рахымбаевты парамен ұстады.
Алматы, NEGE. Ақпарат көзінің мәлімдеуінше, Әшірбек Рахымбаев өткен жылдың қыркүйек айында 60 жасқа толып, Түркістан облысттық сотының төрағасы Талғат Баратбеков арнайы құттықтаған. Облыстық соттың ресми сайты бұл туралы былай деп жазды: «Бүгін Түркістан облыстық сотының ұжымы 60 жасқа толған әріптестері облыстық соттың қылмыстық алқасының судьясы Әшірбек Шәріпұлы Рахымбаевты салтанатты жағдайда мерейтойымен құттықтады.
Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков туған күн иесін құттықтау барысында оның шын мәнінде бүкіл саналы ғұмырын заң үстемдігін қамтамасыз ету жолына арнап, судьялық қызметті ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып отырғанын атап өтті.
Осыдан кейін Әшірбек Шәріпұлына ұжым атынан құттықтау адресаты мен гүл шоқтары табыс етіліп, ұлттық шапан жабылды.
Сонымен қатар, шара барысында облыстық соттың алқа төрағасы З.Пірнияз, судья С.Дзюлиев, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Н.Ешпанов ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Ә.Рахымбаев облыстық соттың төрағасы мен ұжымға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да қоғамның игілігі жолындағы әділдік тізгінін ұстаған күрделі де жауапты қызметті атқаруда аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуы мен Тәуелсіздігіміздің нығаюына өз үлесін қоса беретіндігін айтты».
Ақпарат көзінің мәліметіне қарағанда, «қоғамның игілігі жолында аянбай еңбек етуге» ант еткен судья Ә.Рахымбаев қылмыстық жазаны жеңілдету үшін 3 млн теңге пара алған.
Судья парамен ұсталған кезде Жоғарғы сотта жиын өтіп жатыпты. Түркістан облыстық сотының төрағасы да жиынға қатысқан. Жиыннан соң Жоғарғы сот төрағасының кабинетінен облыстық сот төрағасының құр сүлдері шыққанын көргендер бар.