Түркістан облысында оқушы қызды өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысында атышулы сот процесі аяқталды. Төрткүл ауылының оқушысын өлтірді және бопсалады деп айыпталған екі сотталушыға қатысты сот үкімі шықты. Олардың бірі 16 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы бірі шартты түрдегі жазаға кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы, NEGE. Іс өңірдің мамандандырылған ауданаралық сотында ашық жағдайда қаралды. Сотталушыларға мемлекеттік айыптаушы бірден бірнеше бап бойынша айып тақты:" Кәмелетке толмағанды қылмыстық құқық бұзушылыққа тарту", "Бопсалау" және "Кісі өлтіру". Сотталушылар өз кінәсін ішінара мойындап, өздеріне бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындамауды сұрады. Судьяның үкіміне сәйкес, сотталушылардың бірі 16 жылын колонияда өткізеді. Біле тұра болған қылмыс жайлы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылған екіншісіне бостандықты шектеу туралы жаза тағайындалды.
"Сот үкіміне сәйкес, сотталушы Б. ҚР Қылмыстық кодексінің "Бопсалау" және "Кісі өлтіру" бабында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, 16 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушы Т. ҚР ҚК-нің 434-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі шартты жаза тағайындалды", - деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбай.
Іс материалдары бойынша, 2023 жылдың сәуір айында сотталушы Б.Telegram әлеуметтік желісі арқылы өзінің танысы, сотталушының сыбайласы Т-дан мектеп оқушысының интимдік суреттеріне қол жеткізеді. Осыдан кейін Б. Т-мен кездесіп, оған Аружаннан 1 млн теңге бопсалауды ұсынады. Сотталушы Т. бұл ұсыныстан басын ала қашады. Сол кезде Б. егер келіспесең бұл суретті өзіне қарсы қолданамын деп қорқытады. Ақырында, бопсаласушылар Аружанмен кездескен кезде арада жанжал туындап, оның соңы кісі өлімімен тынған. Тергеу мәліметтері бойынша, марқұмның кеуде тұсына екі рет пышақ сілтелген, одан кейін оның денесін су арнасына тастаған.