Түркістан облысы: Сот төрағасы мен Соттар әкімшісі қызметінен босатылды
Nege.kz порталында Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков пен Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаев туралы бірнеше мақала жарияланған. Жуырда екеуі де қызметінен босатылды.
Тілшіміз Түркістан облыстық сотының кеңсесіне хабарласып, облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбековтің қызметінен босатылғанын, оның Алматы қалалық сотына судья болып тағайындалғанын анықтады.
- Тақырыпқа орай: Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаев қайда жүр?
Облыстық Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаевқа қатысты ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановқа ресми сауал жолдағанбыз. Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Н.Қалқадан төмендегідей жауап келді:
«ҚР Жоғарғы соты сіздің хатыңызға байланысты мынаны хабарлайды.
1) О.Лештаев биыл 21 сәуір мен 30 маусым аралығында еңбекке уақытша жарамсыздығын негізге алып, қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған. Бұған қоса, осы жылдың 3 тамызы мен 5 қазаны аралығында еңбекке уақытша қабілетсіздігін себеп етіп, тағы да екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 61-бабы 1 тармағы 20) тармақшасына, 53-бабының 8-тармағына және 54-бабының 1-тармағына сәйкес, 6 қазанда О.Лештаев Тркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының лауазымынан босатылды. Оның бала күтіміне байланысты демалыс сұраған арызы қызметінен босатылғандықтан, қанағаттандырылған жоқ.
2) О.Лештаевтың «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталу ықтималдығына қатысты материал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданғанын хабарлаймыз.
Тақырыпқа орай: Түркістанда Елбасын екі мас қалай қарсы алды?
3) Елбасының Түркістанға сапары кезінде орын алған оқиға туралы.
Аталған факт негізінде Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас мамандары Н.Абуов пен Е.Байниязовтардың үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Н.Абуовқа қатысты әкімшілік материалды Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты биылғы 29 қыркүйекте қарап, оны кінәлі деп таныды. Оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 8 жылға айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкіл осы мәселені тәртіптік комиссия қарауына шығарған. Жинақталған материалдар тәртіптік комиссияда қаралып, Н.Абуовты жұмыстан босату жөнінде ұсыныс берілген. Алайда Н.Абуов еңбекке жарамсыздық жағдайында болуына байланысты жұмыстан босату туралы мәселе әлі қаралған жоқ.
Е.Байниязовқа қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, оның патрульдік полиция қызметкерлерінің хаттамасына қатысты шағымы қаралып жатыр. Қазір еңбекке жарамсыз болуына байланысты қызметтік тексеріс тоқтап тұр».
Әзірге Түркістан облыстық сотының төрағасы мен Соттар әкімшісінің орынтағы бос тұр...