Туризмнің игілігін ауыл тұрғындары да көруі тиіс – «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Ақмола облысындағы жұмыс сапарын Бурабай ауданында туризм және шипажай саласы өкілдерімен кездесумен аяқтады.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Жиында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, балаларды сауықтыру орталықтарын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және туризмнің жаңа бағыттарын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Партия кандидаттарының айтуынша, Бурабайдың дамуы тек ауданның емес, бүкіл Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне әсер етеді. Өйткені бүгінде еліміздегі туристік қызметтің оныншы бөлігі осы өңірдің үлесіне тиеді. Былтыр Бурабайға 1,8 миллионға жуық турист келген болса, биыл бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін жетеді деп болжанып отыр.

Кездесу барысында туризмді дамыту табиғатты сақтаумен қатар жүруі керектігі айтылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.

«Бурабайдың басты байлығы – оның табиғаты. Сондықтан экотуризмді дамыту, экопарктер ашу, табиғи мұраны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет. Сарыарқаның сұлу табиғатын болашақ ұрпаққа аман жеткізуге мемлекет те, кәсіпкерлер де, қоғам да бірдей жауапты», – деді партия төрағасы Айбек Дәдебай.

Жиында ауылдық елді мекендердің туристік әлеуеті де назардан тыс қалмады. Партия ұсынған бастамаларға сәйкес, агротуризмді дамытуға, отбасылық қонақ үйлер мен қолөнер шеберханаларын қолдауға, жергілікті өнім өндірушілерге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі.

Партия өкілдерінің пікірінше, туризмнің игілігін тек ірі демалыс орындары ғана емес, ауыл тұрғындары да көруі тиіс. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға және өңірдің табиғаты мен мәдениетін танытатын жаңа туристік бағыттарды қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік.

Кездесу соңында айтылған барлық ұсыныс сараланып, партияның өңірлерді дамытуға бағытталған алдағы жұмысы барысында ескерілетіні айтылды.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.