14 июня 2025 г. 16:34

Туризм министрлігі Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалға байланысты мәлімдеме жасады

Фото: ғаламтордан
ҚР Туризм және спорт министрлігі Азаматтық авиация комитеті үндеуін назарға ала отырып, Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалға байланысты мәлімдеме жасады.

Алматы, NEGE. «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты хабарламасына сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынғанын хабарлаймыз. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады. Аталған ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк, сондай-ақ техникалық рейстеріне қатысты. Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінен.

Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда еліміздің авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынатыны да нақтыланады.

«ҚР Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланысып отыр. Қажет болған жағдайда министрлік Туристік қамқормен және әуекомпаниялармен бірлесіп туристерді қайтаруды қамтамасыз етеді», – делінген ведомство хабарламасында.