Туды қандай жағдайда пайдалануға рұқсат етіледі: Мәдениет министрлігі түсіндірді

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, мемлекеттік нышандарды қандай жағдайда қолдануға болатыны жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Астана әкімдігі

Астана, NEGE. Ведомство өкілдерінің нақтылауынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкіметтің мемлекеттік рәміздерге қатысты қаулысына өзгерістер енгізді.

Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай нормативтік құқықтық актілерде «Гимн» атауының орнына «Әнұран» атауы қолданылады.

Сонымен қатар Туды қолдану тәртібі де нақтыланған. Енді Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен ілуге болады.

Дегенмен Туды үйіне ілгісі келетіндер бірқатар талапты сақтауы қажет. Атап айтқанда:

  • Жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы керек.
  • Туды қасбетке орналастыру мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы жеке ту тұғырына орнатуға болады.
  • Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс.
  • Ту тік орналастырылған жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы жағында болуы қажет.
  • Сондай-ақ Туды, коммерциялық мақсат көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар ұйымдастыратын мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда пайдалануға болады.

«Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Өңі кеткен, жыртылған, кірлеген немесе өзге де зақымдары бар Туды пайдалануға тыйым салынады. Мемлекеттік Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатқа сай емес қолдануға және оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен мәртебесіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол берілмейді», – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптары сақталған жағдайда, Туды көлік салонында пайдалануға рұқсат етіледі.

Жаңа ережеде мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, төсеніш және тұрмыстық мақсаттағы өзге де бұйымдарға орналастыруға тыйым салынған.

Алайда Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді. Бұған дейін заңнамада спорттық киімде тек Елтаңбаның бейнесін орналастыруға ғана рұқсат етіліп келген еді. Спорттық киім мен жабдықтарға футболкалар, спорттық костюмдер, бейсболкалар, кепкалар және спортшылар пайдаланатын өзге де киім үлгілері жатады.

Министрлік өкілдерінің пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға мүмкіндік береді.