17 марта 2022 г. 12:10

Туберкулез дертіне қарсы айлық өтіп жатыр

Фото:

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне (24 наурыз) орай бүкіл әлемде туберкулезге қарсы айлық жүріп жатыр. 

Алматы, NEGE. 2022 жылғы Дүниежүзілік туберкулезге қарсы ұран: «Туберкулезге қарсы күреске инвестиция салыңыз. Өмірге араша болыңыз!». 
Қауіпті дертпен күресудегі ең маңызды іс-шара – ауру туралы білу және сол білімді елге тарату.  

1. Туберкулез инфекциясы дегеніміз не?
Туберкулез инфекциясы дегеніміз – адам ағзасына ауа арқылы туберкулез микобактериясының еніп, бірақ өсіп-өнбейтін, туберкулезге тән жөтел, әлсіздік, тамаққа тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер болмайтын жағдай. Себебі иммунитет жоғары болғандықтан туберкулез микобактериясының өсіп-өну қабілеті жойылады. Адамның дені сау, рентген сәулесімен тексергенде өкпесі таза және айналасындағыларға ауру жұқтыру қаупі болмайды. Туберкулез инфекциясы – бұл туберкулез микобактериясын жұқтыру. Әлемде әрбір үшінші адам туберкулез микобактериясын жұқтырған, бірақ әрбір онының біреуінде ғана туберкулез қарқынды дамиды.

2. Туберкулез инфекциясын жұқтырғандардың арасында кімдердің туберкулезбен ауыру қаупі жоғары?
Қарттар, жас балалар және ауру салдарынан иммунитеті төмендеген адамдар (алғашқы иммунды тапшылық – ВИЧ), ауруға байланысты иммунды-супрессивті ем (диализдегі науқастар, ген-инженерлі биологиялық дәрілер, ағза ауыстырғаннан кейін, т.б.) қабылдайтындар, сонымен қатар туберкулезбен ауыратын адамдармен байланыста болғандар – туберкулезбен ауыру қаупі жоғары топқа жатады.

3. Адам ағзасында туберкулез инфекциясынының бар екенін қалай анықтауға болады?
Балаларда туберкулез инфекциясы Манту және Диаскинтест (рекомбинантты туберкулез алергені – АТР) сынамаларын жасау жолымен анықталады, ал ересектерде – Диаскинтест сынамасы арқылы.
Квантиферон және T-Spot сияқты иммунологиялық сынамалар күретамырдан қан алып, зертханалық тәсілмен тексеріледі. Тері ішіне салынатын сынамалар (Манту, Диаскинтест) емханаларда жасалса, Квантиферон және T-Spot иммунологиялық сынамалары арнайы зертханаларда жасалады. Ағзада туберкулез инфекциясы болса сынама оң нәтиже көрсетеді.

4. Туберкулез инфекциясын анықтау қай жерде жасалады?
Туберкулез инфекциясын анықтау тұрғылықты жері бойынша емханаларда (Манту, Диаскинтест-АТР), иммунологиялық сынамалар – клиникалық-диагностикалық зертханаларда жасалады.

5. Егер сынама оң нәтиже беріп, туберкулез инфекциясы анықталса не істеу керек?
Сынама оң нәтиже берген жағдайда емханада міндетті түрде қосымша тексерулер жүргізіледі (дәрігердің тексеруі, кеуде қуысының рентгенографиясы, жалпы қан сараптамасы, т.б. керекті сараптамалар). Егер 2 аптадан астам уақыт жөтел болса жедел түрде қақырықты G-Xpert және микроскопиялық әдіспен зерттеу керек. Тексеру қортындысында рентгенограммада өзгерістер мен қарқынды туберкулезге тән клиникалық белгілер болмаған жағдайда профилактикалық ем тағайындалады. Профилактикалық ем ағзадағы туберкулез инфекциясының ауруға ұласпауының алдын алады.

6. Туберкулездің алдын-алу үшін профилактикалық ем кімге жүргізіледі? 
• Балаларға – Манту және АТР сынамалары оң нәтиже берген жағдайда
• Туберкулезге шалдыққан науқаспен қарым-қатынаста болған ересектер мен балаларға, иммунды-супрессивті ем, гормондар қабылдайтындарға, сонымен қатар ағза ауыстырғандар мен диализдегі науқастарға жүргізіледі.

Тегтер: