«ЦОН-дардағы» парақорлықты мемлекеттік корпорацияның өзі анықтаған
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автомектептердегі пара алу фактілері туралы ақпаратына түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл заң бұзушылықтарды ішкі мониторинг пен бақылау аясында тікелей корпорацияның өзі анықтаған.
«Анықталған барлық материал бірлесіп зерделеу және тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде қызметкерлеріміз 100-ден астам материалды дербес анықтап, құқық қорғау органдарына жолдады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу бағытындағы жүйелі әрі проактивті жұмыстың нақты көрінісі», – делінген хабарламада.
Корпорация өкілдері жүргізуші куәліктерін алу кезінде адами факторды болдырмау үшін бірқатар цифрлық және техникалық шаралар қабылданғанын атап өтті.
Атап айтқанда:
- ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесін мәліметтерді тек электронды форматта қабылдайтын «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, соның нәтижесінде автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсынуға жол берілмейді;
- Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция нәтижесінде 073/у нысанындағы жалған медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын автоматты тексеру арқылы жалған медициналық анықтамаларды пайдалану жойылған;
- емтихан сыныптары металл іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталған;
- емтихан сыныптарындағы компьютерлерге деректер сыртқа шығып кетпеуі үшін қашықтан бұғаттайтын жүйе орнатылған;
- жүйе әкімшілері емтиханға араласпауы үшін арнайы бақылау жүйесі (PAM) енгізілген;
- алғашқы жүргізуші куәліктерін алу үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылуды енгізу арқылы кезек бойынша жасалатын манипуляциялар жойылған;
- мамандандырылған ХҚКО-лардың күту залдарында және ресми YouTube-арнада теориялық емтихандар нақты уақыт режимінде трансляцияланады;
- «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтіп, алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру мүмкіндігі бар.
Еске салсақ, бұған дейін ҰҚК Астанада және бірқатар өңірде жүргізуші куәлігін ресімдеу кезінде пара алу және өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Ведомство мәліметінше, мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автомектеп басшылары жүргізуші куәлігін беру үшін 100 миллион теңгеден астам пара алды деген күдікке ілінген.