27 февраля 2020 г. 16:24

Тшанов пен Әубәкіроваға қатысты дау әлі басылмады

Бүгін Алматыдағы «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында мәдениет және спорт саласына қатысы бар белсенділер бұған дейін қоғамда даулы мәселе ретінде көтерілген жайттарға нүкте қойылуын талап етті. Олар – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерватоиряның қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі экс-проректоры Ботагөз Көпбаева, республикалық спорт колледжінің жаттықтырушысы Төлеген Тілеумұратов пен ата ана Рано Кененбаева және «Сезам» қуыршақ театрының негізін қалаушы Қайрат Баянов.

«Амалбек Тшанов балаларды далаға қалдырды»

Күз айында Алматыдағы  республикалық спорт колледжінің бір топ оқушысы президент Тоқаевқа үндеу жолдап, онда оқу орнының директоры – Амалбек Тшановтың жұмыстан кетуін талап еткен. Колледжде үш жылдан бері тәлім алған балалар осы уақытқа дейін жаттықтырған Төлеген Тілеумұратовтың орнына басқа жаттықтырушылар келіп, қысым көрсеткенін, сол себептен сабаққа бармай қойғанын жеткізген.

Алайда, ата-аналар осы үндеуден кейін 9 баланы Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов оқудан шығарып жібергенін айтса, оқу орны басшылығы балалар сабақтан айлап себепсіз қалды дейді. Ал балалардың талабы – Тілеумұратовтың қоластында ғана жаттыққысы келген.

Баласы колледжден шығып қалған ата-ана Рано Кененбаева: «Бұл жағдай 2017 жылдың қараша айында болды. Жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы оқыс оқиға былай өрбіген. Яғни, жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратов тәрбиелеген балалар талай жарыста топ жарып, жүлделі орынға қол жеткізген. Бірақ Тілеумұратовтың орнына Мырзағали Сұранов пен Есбол Сұлтанов келіп, балаларға қысым көрсеткен. Балалардан: «Кімнің жаттықтырушы Тілеумұратовпен қалғысы келеді?» деп сұрағанда, барлық бала бір қадам алға шығады. Сол балалардың бәрін залдан қуады да, басқа ересек балаларға ұрып-соқтырады. Сол кезде алдыңғы жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратов оқушыларына араша түскенде, әлгі екі жаттықтырушы  оны да ұрып тастайды. Қорыққан балалар ата-аналарына телефон соғып, мән-жайды айтып береді» дейді.

Амалбек Тшанов

Колледжге дереу жеткенде балалардың денесі көгерген, Тілеумұратовтың бет-аузы қанағанын көрдік. «Телеарна тілшілерін де шақырып, қалалық ішкі істер басқармасына арыз түсірдік. Алайда, екі жаттықтырушы кешірім сұраған соң, кешірім бердік. Соған қарамастан әлі күнге балалар мен жаттықтырушыға қысым көрсетіп келеді. Жаттықтырушы өз еркімен жұмыстан кетуге тура келеді. Ал балалар одан басқа жаттықтырушы керек емесін айтып, оны қайтадан жұмысқа алуын талап етті. 2018 жылы бәрі дұрысталғандай болады. Бірақ Амалбек Тшанов бұл іске ақпарат құралын тартып, беделіне нұқсан келтіргені үшін Тілеумұратовты қудалайды. Неге? 2019 жылдың 22 мамыры күні, түнгі сағат 22:00-де колледжің екі тәрбиеленушісі арасында мынадай жағдай тіркеледі. 11 сынып оқушысы Наргиз Ахметжан әкесіне хабарласып, оны 10 сынып оқушысы Нұриза Тұрарованың шырынға бір ұнтақ салып, өзін улағысы келгенін айтады. Алайда, куәгер адам болмаған. Бірақ Наргиз Ахметжанның әкесі колледжге жаттықтырушы Тілеумұратовты шақыртады. Осымен, қыздар өзара татуласқан. 2 айдан кейін Наргиздің әкесі Бостандық ауданының полиция бөліміне шағым түсіріп, Нұриза Тұрарова бұл тапсырманы Тілеумұратовтың айтуымен істегенін айтады. Осылайша, тергеуші жаттықтырушыны жұмыстан шығару туралы шешім шығарады. Мұндай шешімті сот қана шығармай ма? Жаңа оқу жылында балалар тағы да әлгі екі жаттықтырушының қоластына түскенде, қарсы болды. Сөйтіп, әкімшілікке қолхат жазып, «жағдай реттелмейінше, балаларды 5 күнге уақытша алып кетеміз» дедік. Одан кейін Атырауға жарысқа барды. Іле-шала тоқсандық демалыс уақыты да келді. Әкімшілік WhatsApp арқылы оқудан шыққаны туралы бұйрық жіберді. Құжатты балалардың қолына бере салған. Себеп – балалар колледждің ішкі ережесіне бағынбады деген. Нәтижесінде жаттықтырушы да, балалар да зардап шегуде. Егер осы уақыт аралығында балалар өзіне қол жұмсаса, кім жауап береді? Біздің спорттан таланты бар балаларымыз неге басқа мектепте оқуы керек?», – дейді ата-ана.  

Ал баспасөз мәслихатында сөз алған жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратов колледжде 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Содан бері тәрибеленушілері әлемдік деңгейде талай мәрте көк байрақты желбіреткен. Ол колледж директоры һәм «Барыс» спорт клубының президенті Амалбек Тшановтың командасында жұмыс істегенін, тіпті  басшының баласы Нұрәлиді бес жыл бойы тәрбиелегенін жеткізді. Оның айтуынша, өзі баптаған шәкірттерге жаттықтырушылар арасында талас болған.

«Азия чемпионатына барар кезде орныма басқа жаттықтырушыны жіберіп, мені шеттетті. Директор Тшановқа кіріп: «Неге дайындаған шәкірттеріммен өзім бармаймын?» деп өкпе-ренішімді айттым. Солай дегенім үшін «Барыс» спорт клубының директоры Мырзағали Сұрановқа да ұнамай қалдым. 2017 жылдан бері қыспақта жүрмін. Әртүрлі әрекеттер арқылы аяқтан шалады, шәкірттерімді ұрады. Өзіме де шабуыл жасады» дейді бапкер.  Сондай-ақ, ол «екі тәрбиеленуші қыздың арасындағы оқыс жағдай түнде болған. Оған жаттықтырушы емес, неге оқу орын басшысы, тәрбиеші жауап бермейді? Тағы бір мәселе – бұл қолдан жасалған. Қазір Нұриза Тұрароваға тең келетін таэквондашы жоқ. Қысқасы, көреалмаушылық қой. Бәрін Амалбек Тшановтың өзі істетіп отыр. Қазір денсаулығыма байланысты демалыстамын» деді.

«Мәдениет саласына бөлінген ақша қыруар»

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияның қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі экс-проректоры Ботакөз Көпбаеваның да айтары, жиған-терген дерегі көп екен. Ол 2017-2018 жылдары оқу орнына қызметке келгенде қаржының есепсіз жұмсалғанын анықтаған. Жемқорлық әрекетіне байланысты 3 қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде бюджет қаражатының 127 млн теңгесін жымқырған жоғары оқу орнының бас есепшісі Г. Жұмағұлова  8 жылға сотталса, 2018 жылы ректор Жәния Әубәкірова Президенттің өкімімен қызметінен босатылған еді.

Жәния Әубәкірова

«Есеп комитеті 3 жыл бойы стипендия есебінен жымқырылған 127 млн теңгенің қолды болғанын анықтады. Осының әшкере болуына себепші болғаным үшін жұмыстан қуылдым. Мәдениет саласы – бәрінен биік. Алайда, бұл сала жемқорлықтан көз ашпауда. Бүгінде бұл салаға қыруар ақша бөлінеді» деген  Ботагөз Көпбаева мәдениет пен спортқа бөлініп жатқан қаражат қыруар екенін айтады.  

«Соңғы 20 жылда мәдениет саласына бөлінген қаражат 23,6 есеге өскен! Ал осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне ел қазынасынан 1 трлн 356 млрд теңге бөлінген.  Салыстырмалы түрде алып қарағанда бұл сомма 2020 жылға есептелген Қазақстан бюджетінің дефицит көлемімен тең. Ол шамамен  1 трлн 598 млрд теңге» деді ол.

Экс-проректордың айтуынша, отандық кино өндірісіне 2001-2019 жылдары бөлінген қаржы 64 млрд теңге бөлінсе, биылға 4,1 млрд теңге көзделген. «Алайда, оған сай дүние жасалған жоқ. 2001 жылы – 6, 2019 жылы – 18 картина жарық көрді. Тіпті, кинофестивальдерде де жүлде алған фильмдердің саны аз. Тек 2 фильм ғана, атап айтқанда Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильм мен Фархат Шәріповтің «Тренинг личностного роста» фильмі ғана әлемдік деңгейде дараланды. Сонда қыруар қаржы қайда жұмсалды?» дейді Б.Көпбаева.

«Отандық киноны қолдау үшін былтыр құрылған Ұлттық қор не атқарады? Оның қажеті бар ма? 2019 жылы «Кинематография туралы» заң қабылданғанда құрылған қор ұлттық киноның көптеп түсірілуіне мүмкіндік туғызып, олардың халықаралық дәрежеге көтерілуіне септігін тигізді ме? Бұл «Қазақфильм» АҚ мен ұлттық қор арасында кикілжің туындатпай ма?» деген күмәнді сауал тастаған Б.Көпбаева спорт саласында да министрліктен бөлініп жатқан қаражаттың көлемін ортаға салды.

«2020 жылы спорт саласын дамытуға бөлінген қаражат 53 есеге көбейген. Егер 2001 жылы спорттық ойын түрлерін дамытуға 905 млн теңге көзделсе, оның көлемі биыл 48,7 млрд теңгеге жеткен. Алматыдағы Республикалық спорт колледжіне соңғы он жылда жұмсалған қаражат та қомақты. Соңғы 10 жылда қаражат 3,1 есеге, бір адамға бөлінетін шығын 2,2 есеге артқан. Айта кету керек, республикалық спорт колледжі оқудан шығарылған жас спортшыларға 40 млн теңге бөліп қойған» деді.

Сондай-ақ, ол театр және концерттік ұйымдарға 2001 жылы 604, 1 млн теңге бөлінсе, 2019 жылы 11, 8 млрд теңге көзделгенін жеткізді. «Бұдан театр мен мәдени орындарға келіп жатқан адамдардың саны арта қоймаған. 2018 жылы театрға 2 833 600 қазақстандық барса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 400 562 адамға түсіп кеткен. Ал  әлеуметтік маңызды әдебиеттерді басып шығару үшін 2001-2020 жылдары  19,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Жазушылардың шығармаларын баспадан шығарып, оқырманға жеткізу үшін 2001 жылы 100 млн теңге жұмсалса, биыл 1 млрд 100 млн теңгеге көбейген. 2018 жылы 13 наурызда Мәдениет және спорт министрлігі мен «Алатау» баспасы арасында жасалған № 57 келісім шарт сомасы – 38,6 млн теңге. Екі лоттан тұратын келісім шарттың алғашқысы жазушы Оңдасын Елубаевтың «Панда қуанған жаз» шығармасын (22, 7 млн теңге), ал екінші лот бойынша Шоқан Уәлихановтың төртінші томын басып шығаруға (15,8 млн теңге) қаржы жұмсалған. Екеуі де өзара келісім шарт жасау арқылы жүзеге асқан», –  дейді Ботагөз Көпбаева.

Қысқасы, экс-проректор Мәдениет және спорт саласына 20 жылда бөлінген қаражаттың 23 есе артқанын айтады. «Бұл қыруар қаржы мәдени, рухани саланы дамытуға емес, бәзбіреулердің қалтасын қампайтуға жұмсалып келеді» деп түйіндеді пікірін.

Тегтер: