3 марта 2026 г. 15:55

«Центр пловадағы» жарылыстан кейін қаза болғандардың саны 9 адамға жетті

Фото: ТЖД

Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасындағы жарылыстан кейін ауыр халде ауруханаға түскен тағы бір адам жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, кеше денесінің 70 пайыздан астамын ауыр күйік шалған науқас қайтыс болған.

«Бүгін біз денесінің 85 пайыздан астамын күйік шалған тағы бір науқастан айырылып қалдық. Күйік жарақаты өте ауыр болып, соңы асқынуға ұласты. Медицина қызметкерлері олардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Өкінішке қарай, реанимациялық шаралар нәтиже бермеді», – деп келтіреді Kazinform басқарма басшысының мәлімдемесін.

Еске салсақ, Ақмола облысындағы қайғылы жағдай 27 ақпанға қараған түні болды. Бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан «Центр плова» дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шыққан. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті, оның ішінде 5 адам оқиға орнында, тағы үш адам ауруханада көз жұмды.

Облыстық прокуратура 2 наурызда дәмхана иесі ұсталғанын хабарлады. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) қылмыстық іс қозғалды.