«Центр плова Loft» ісі: 12 адамның өліміне кінәлі үш адамға шығарылған үкім өзгеріссіз қалды

Ақмола облыстық соты Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасындағы 12 адамның өмірін қиған өртке қатысты үш сотталушыға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот оларды өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету бойынша кінәлі деп таныған.

ТЖМ

Астана, NEGE. Бірінші сатыдағы сот шешімімен кафе басшысы мен «Шерол 2017» ЖШС директоры жеті жылға, ал газ баллондарын жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сонымен қатар 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылған.

Сот материалдарына сәйкес, кафе басшысы газ баллондарын пайдалану және сақтау талаптарын бұзған. Атап айтқанда, баллондарды жылыту радиаторларының жанына орналастырып, қызметкерлерге газ жабдықтарын пайдалану жөнінде тиісті нұсқама жүргізбеген.

Ал Д. газды сату және жеткізу қызметімен айналысуға құқығы болмаса да, дәмханаға газ баллондарын бақылаусыз жеткізіп отырған. 2026 жылғы 25 ақпанда ол екі газ баллонын жеткізген. Кейін олардың бірі рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылуына байланысты жарылған.

Бұдан бөлек, автогаз құю станциясының директоры қажетті құжаттары, жабдықтары, өлшеу аспаптары мен арнайы даярланған қызметкерлері болмаса да, тұрмыстық газ баллондарын толтырып, сатып келген.

Сот анықтағандай, газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және дәмхана ішінде жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан газ қызып, баллон ішіндегі қысым жоғарылаған. Соның салдарынан баллон жарылып, өрт шыққан.

«Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің мәнін өзгертпей, оның сипаттау бөлігіне жәбірленушілердің денсаулығына келтірілген зиянның тұжырымын нақтылауға қатысты редакциялық сипаттағы түзету енгізіп, бірінші сатыдағы соттың үкімін жалпы алғанда өзгеріссіз қалдырды», – делінген хабарламада.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 26 ақпанда болды. Кафеде газ баллоны жарылып, кейін өрт шыққан. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі жарақат алды. Ғимарат иесіне аса ірі мөлшерде материалдық залал келді.