Трамптың ұлы мен мен Кремльге жақын кәсіпкер Қазақстанда кездесіп, іскерлік келіссөз жүргізген болуы мүмкін – БАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлы кіші Трамп пен ресейлік кәсіпкер, Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев биыл Қазақстанда кездесіп, бірқатар бизнес келісімдерді талқылаған болуы мүмкін.

iba.sport

 

Астана, NEGE. Бұл жөнінде таныстарына Кремлевтің өзі айтқан, деп жазады «Важные истории» басылымы.

Умар Кремлевтің Ресей билігімен, оның ішінде Владимир Путиннің жеке күзет қызметінің басшысы Алексей Рубежноймен жақын байланысы бар екені айтылады. 

Кремлевпен жеке таныс екі дереккөз басылымға ресейлік кәсіпкер мен кіші Трамптың арасындағы қарым-қатынас достықпен ғана шектелмейтінін, олардың арасында іскерлік байланыс та бар екенін айтқан.

Олардың сөзінше, Кремлев биыл Қазақстанға арнайы келіп, кіші Трамппен кездескен. Кездесу барысында тараптар бизнес келісімдерді талқылаған. Алайда басылым дереккөздері кездесуде нақты қандай келісімдер сөз болғанын білмейтінін жеткізген.

Қазақстанның кездесу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ болмауы мүмкін. 

Еске салсақ, бұған дейін Financial Times басылымы Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамп Қазақстандағы вольфрам өндірумен айналысатын компанияның үлесін сатып алғанын жазған еді. 

Басылым ақпаратынша, олар 2025 жылдың тамыз айында Skyline Builders құрылыс компаниясының үлесін сатып алған. Қазан айының соңында Skyline Builders компаниясы Қарағанды маңында вольфрам өндіру жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін құрылған Kaz Resources кәсіпорнының 20 пайыздық үлесін иеленді.

ағайынды Трамптар үлесін сатып алғаннан кейін алты күн өткен соң АҚШ пен Қазақстан Kaz Resources Investment Group компаниясына Қарағанды облысындағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін келісім жасалғанын жариялады. Сондай-ақ АҚШ-тың екі мемлекеттік мекемесі жобаға федералдық бюджеттен 1,6 млрд долларға дейін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырған.

Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындары қорының көлемі жөнінен әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына жатады. Жобаны игеруге Қытай мен Ресей компаниялары да үміткер болған.